Колледждің мамандарды даярлауға арналған арнайы материалдытехникалық базасы бар: жобалық қуаты 400 орынды қамтитын оқу ғимараты, 14 арнайы және жалпы білім беру пәндерінің кабинеттері, заманауи компьютерлік техникамен және интерактивті жабдықтармен жабдықталған үш компьютерлік кабинет, 5 шеберхана, 3 зертхана, шағын спорт алаңы, кітапхана, 105 орынды жатақхана, 100 орынды асхана және медициналық пункт. Оқу бары мен шағын оқу қонақүйі жұмыс жасауда.
Колледжде «Электрмен, газбен дәнекерлеуші» мамандығын оқыту ісі бойынша үлкен тәжірибе жинақталған. Оқытудың алғашқы кезеңінде оқушыларда еңбек дағдыларын қалыптастыруға CS WAVE виртуалды оқыту қондырғысы зор мүмкіндік береді. Аталған қондырғы шикізатты үнемдеуге, өндірістік оқыту мен теориялық сабақтардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қондырғыда газ дәнекерлеу жаттығуларының 4500 түрі қамтылған. Бұл құрылғы жаттығу жұмыстарын бірнеше рет орындау арқылы аз ғана уақыт ішінде жоғары көрсеткіштерге жетуге мүмкіндік береді.
Электрмен, газбен дәнекерлеу шеберханасы қауіпсіздік техникасының талаптарына сай келетін 12 стационарлық жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген. ТД-300 маркалы 8 дәнекерлеу трансформаторлары, ВДУ 1000 әмбебап дәнекерлеу түзеткіші, «Матес» АС/ДС дәнекерлеу трансформаторлары 5 данада, жылжымалы дизелді дәнекерлеу агрегаты, АСП-10 және АСП 1,25-6 маркалы газбен дәнекерлеу генераторлары, дәнекерлеу оттықтарының жинағымен, кескіштермен, шлангтармен, сондай-ақ оттекті және газ редукторларымен жабдықталған. 2010 жылы аргон дәнекерлеу үшін жабдық және компромат дәнекері алынды, олардың көмегімен жоғары қоспалау металдарын дәнекерлеп, тігістің жоғары сапасын алуға болады.
Колледжде «Электр жүйелерін және электр жабдықтарын электрмонтаждаушы» мамандығы бойынша оқитын болашақ маманның кәсіби шеберлігінің қалыптасуына қажетті барлық құрал-саймандары бар зертхана жабдықталды. Зертхана электрлік сызбаларды құрастыруға арналған монтаждаушы тақталар, технологиялық карталар мен жеке жұмыс құралдармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ электрфицирленген құралдар, СО-Н09497,СЭЭ-00З-Т2,СО-2Н2,СА-4У-Э704 есептеуіштер, ПН_2-250(г), ПН2-400(г), ПН 35кВ, 24кВ сақтағыштар, АБ-25; 50; 60 автоматтары, сынау стендтері, 1000 В дейін ТҚ бойынша плакаттар, технологиялық қарталар, жеке қорғаныс құралдары бар. 2012 жылы типтік зертханалық жабдықтар, қалқандар жинағы мен электрмонтаждау құралдары алынды.
«Автокөлікті жөндеу слесарі» мамандығының өндірістік оқу сабақтары соңғы технологиялық үлгідегі компьютерлік геометрия мен дөңгелек жөндеу цехымен жабдықталған шеберханада жүргізіледі. ВС категориялы жүргізушілерді даярлау үшін 6 автокөлік пен оқу полигоны қолданылып, оқу және тест-бақылау бағдарламалары енгізілген компьютерлермен қамтамасыз етілген ЖЖЕ бойынша жұмыс кабинеті жабдықталған. Кабинет жол жүру белгілері бар стационарлық қабырға стендтерімен жабдықталған. Көлікті жүргізу дағдыларын қалыптастыру үшін екі автотренажер бар.
Халықаралық стандарт талаптарын ескере отыра, шаштараз-модельер мен қонақ үй шаруашылығына қызмет көрсетуді ұйымдастырушы мамандар даярлау үшін база құрылды. «Шаштараз-модельер» мамандығының зертханасы барлық қойылатын талаптарға сай келеді. Онда қажетті заттардың бәрі бар: жеке жұмыс орындарынан бастап педикюрлік жабдықтарға дейін. Зертханалық-практикалық оқулар құралдармен толық жабдықталған және жинақталған 5 жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген оқу шеберханасында жүргізіледі. Оқу шеберханасында сушуар, климазон, жуу-креслосы, троллерлер, маникюр үстелдері, педикюр креслолары, косметологиялық құралдар, шаштаразға қажетті құрал-саймандар бар.
«Қонақ үй шаруашылығында қызмет көрсетуді ұйымдастыру» мамандығы бойынша жұмысшыларды даярлау үшін заманауи жабдықтармен жабдықталған оқу қонақ үйі мен оқу бары ашылған. Онда өндірістік оқыту шеберлерінің оқушыларды осы заманғы жабдықтарда оқытуға мүмкіншілігі мол. Қонақ үйдің VIP және люкс номерлері ыстық және суық сумен, санитарлық тораптармен жабдықталған. Онда шкафтар, екі және бір кісілік төсектер, диван, креслолар, тоңазытқыштар, ыдыс-аяқтарға арналған горкалар, плазмалық теледидарлар, төсек жанындағы тумбалар, жұмыс үстелдері, ресепшн үстелі, кушеткалар мен кілемдер бар.
Барлық уақытта жоғары сұранысқа ие мамандықтардың бірі – аспаз мамандығы болып табылады. Бұл салада мамандарды сапалы дайындау үшін соңғы екі жылда жабдықталуы жақсарып қалған зертхана жұмыс істейді. Зертхана барлық қажетті заттармен жабдықталған. 2012 жылы шеберхананы жетілдіру үшін республикалық бюджет есебінен 25 млн.теңге сомасында жабдықтар сатып алынды.
Қазіргі таңда еліміздің азаматтары қай жерде жұмыс жасамасын, олардың компьютерде жұмыс жасау білуі тиіс. Ақпараттық технологияларды жетік меңгерген «ЭЕМ операторының» мамандары экономиканың барлық саласында кәсіптік білімдерін қолданысқа жарата алады. Бұл мамандыққа арналған зертхана замануи көмпьютерлік техникамен жабдықталған: ActivBoard 78 интерактивті тақтасымен, мультимедиялық видеопроектормен, RV Activote 32 тестілеу құрылғыларымен, Activslate графикалық панелімен жабдықталған.
Оқу кабинеттерінің барлығындай дерлік интерактивті жабдықтар орнатылған: 3 компьютерлік кабинеттер, 6 интерактивті тақталар, 6 мультимедиялық проекторлар бар.
Текелі қаласының даму жоспарындағы негізгі бағыт - туризм болғандықтан, 2011 жылдан бастап колледжде «Туризм» мамандығы бойынша жұмысшы мамандар даярлануда. Бұл мамандықты оқыту үшін туристік жабдықтар мен құрал-саймандар 1155,5 мың теңгеге сатып алынды.